Жаңалықтар

10.01.2012

Оңтүстік Полюске қарай - алға!

sat

«SAT & Company» АҚ «Қазақ Географиялық Қоғамы» атты қоғамдық ұйымға жер бетінің ең ғажайып және аз зерттелген континенті – Антарктикада өтетін «Оңтүстік Полюске бағытталған Тұңғыш Қазақстандық Ғылыми Экспедициясы» алғашқы ауқымды жобасын жүзеге асыруда қолдау көрсетті.


Экспедиция Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20-жылдық мерей тойына арналған.

Экспедицияның ғылыми бағдарламасына сәйкес география, метеорология және климатология ғылыми салаларындағы қазақстандық ғалымдардың Жер шарының оңтүстік бағытындағы ең қиыр нүктесінде ғылыми зерттеу жұмыстарын атқару көзделген болатын.

Ғылыми зерттеу жұмыстарын өткізу және Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын Оңтүстік Полюсте орнату мақсатымен бірге, Қазақ Географиялық Қоғамы Антарктика континентінде Қазақстанның ұлттық мүддесін бекіту шартын қойып отыр. Қазіргі таңда Антарктика бүкіл дүние жүзіне ортақ жер ретінде алдыңғы қатарлы елдердің аса қызығушылығын танытып келеді. Антарктида заңдық тұрғыдан – еш елдің үстеміне бағынбайтын еркін өлке, халықаралық келісім-шарт бойынша мұнда қандай да болсын соғыс әрекеттері мен өнеркәсіптік шаруашылық жүргізу тиым салынған және тек қана ғылыми ізденіс-зерттеу шараларын өткізуге ашық жер аймағы болып табылады. Әзірше Антарктида бойынша Халықаралық Келісім-шарт аясында, бұрынғы Кеңес Одағы елдері қатарынан тек Украина мен Ресей мемлекеттері қатысуда, онда да Одақтан мұра ретінде иелігіне тиген полярлық бекеті бар және біршама ғылыми зерттеу жұмыстарын атқарып отырған Ресей Федерациясы ғана.
.
2010 жылы құрылған Қазақ Географиялық Қоғамы өз күштерімен әзірлеп, жүзеге асырған осы полярлық экспедиция жобасы арқылы әлемдік географиялық ұйымдар арасында аты жайылды. Ол үшін ауқымды жұмыс атқарылған болатын. Жалпы жоба негізгі екі сатыдан құрылды. Олардың әрқайсысы ҚазГео-ның өзімен қатар, бүкіл дүние жүзінде Қазақстан Республикасының беделін көтеретін маңызды оқиғаларға айналды.

Жобаның бастапқы сатысында ҚазГео мүшелері өз күштерімен Антарктикада шоғырланған ресейлік Новолазаревская атты полярлық бекетінен Оңтүстік Полюс нүктесіне автокөліктік жорық жасап, жол сынағын өткізу тиіс болды.Оны іске асыру үшін Toyota Hi Lux жолтөзімді автокөліктер сатып алынды. Олар Исландияда Антарктиканың қатаң ауа райы мен жергілікті жағдайларына бейімдейтін бөлшектерін қайта құру бойынша қажетті шараларына салынды. Ресей жағымен Новолазаревская бекетін негізгі тұрақ ретінде пайдалану жөнінде тиісті келісімдер жүргізіліп, жүрер маршрут бойын пысықтап бекіту, қажетті құжаттарды реттеу және басқа да көптеген шаруалар істелінді.
Жобаның бастапқы саты зор нәтижесін әкелді. 2010 жылдың желтоқсанында шынайы жағдайда маршрут сынағын өткізу бойынша Тест-Драйв шарасы іске асырылды – құрамын Константин Орлов пен Станислав Макаренко ҚазГео мүшелері құрайтын қазақстандық барлау командасы автокөлікпен Антарктиканың дөңдері мен қырларын басып, қарлы соқпақтарымен 2308 шақырым мәңгі мұз басқан сахарасын 108 сағат мерзімінде кезіп өтті. Бұл автожорық Гиннесс Рекордтар Кітабына ресми түрде енгізілді. Рекорд сертификаттарының комнда мүшелеріне тағайындау рәсімі салтанатты түрде 2011 жылдың маусымында Қазақстан елордасында өтті. Ол үшін осы халықаралық ұйымның комиссары Джек Бробанд Астана қаласына келіп өз қолымен жолшыларға тиісті құжат тапсырды.

Бұл әрекеттермен қатар, Қазақ Географиялық Қоғамының Ғылыми Кеңесі экспедицияның ғылыми бағдарламасын құрып, оны іске асырып шықты. Бағдарламаның арқасында қазақстандық ғалымдар Ақ Континенттің табиғи - климаттық жағдайларын зерттеу мүмкіндігін алды. Әлемдік метеорологтар мен климатолог ғалымдардың пікірінше, Антарктиканы, өзіндік ерекшеліктеріне байланысты, жер бетінің ауа райы мен климатының қалыптасу себептерін ұғынуға толық мүмкіндік беретін, жақын аралық және келешекті болжам жасауға негіз қалайтын зертхана ретінде пайдалануға болады.

Сонымен, 2011 жылдың 28 қарашасында ҚазГео экспедициялық жорық командасы Абу Даби арқылы транзитпен асып, Оңтүстік Африкадағы Кейптаун қаласына жетті. Ол жақтан 2 желтоқсан күні Антарктикадағы Новолазаревская бекетіне ұшып келді. Бұл ұшақ рейсі кестеден 2 күнге кешігу салдарынан3 желтоқсанда жоспарланған жолға шығу күні 4 желтоқсанға ауысты. Жаңа туған поляршылар жергілікті климат жағдайларына бейімделу тиісті шараларынан өткен соң, техникалық, ғылыми құралдар мен қажетті саймандар дайындалып, 2011 жылдың 4 желтоқсанында экспедиция Жердің қиыр оңтүстік нысан жағына қарай бет алды. Саяхатшылар тест-драйв сынағынан өткен екі Toyota Hi Lux және Үлкен Жерден күшейтіліп алып келінген Toyota Prado автокөліктерімен жолға шықты.

Экспедицияны жобаның бас ұйымдастырушысы, ҚазГео негізін қалаған азамат, Қазақ Географиялық Қоғамының президиум төрағасы Нұрлан Абдуов басқарды. Экспедиция құрамына қатысқан қазақстандықтар - штурман қызметіндегі Константин Орлов пен Сергей Бодров, географ-метеоролог ғалымдар Орденбек Мазбаев пен Берік Баймағамбетов, исландық инженер-механик Эйо және ресейлік поляршы-дәрігер Василий Можухин.

Эспедиция маршруты бір бағытқа ұласқан 2 500 шақырымға жуық қалың мұз бен қар басқан жазықтық, тау қырлары, терең ойлар мен дөңдерге толы соқпақтардың үстімен өтіп, біраз қиындықтардан өтті. Полярлық жаз кезі болғанымен, сырттағы аяз -45 градусқа жетіп, денеден жырып өтетін ызғар жел, бой жылытпай, еш батпайтын күннің күйдіргісіне, күнұзағы бойы көз жанарын жаратын аппақ қар сәулесіне төзіп шыдауға тура келді. Өстіп, үш джиптен тұратын автокеруен дулаған қарлы боран кешіп, үнемі қозғалыста бара жүрді. Шаршап-шалдыққан жолаушылар дұрыстап дем алатындай біраз тұрақ жасауға да мүмкіндігі болмады. Себебі, мотор бір өшірілсе, күннің суығынан оны тұтату қиын. Оның үстіне, көліктердің резиналы бөлшектері мен дөңгелектері сынатын әйнектей аязға қатып, жүрісте ғана жібітуге болатын. Аз ғана тұрақ, қысқа тыныс жасап, үрлеген дауыл қарына белшеден батқан көліктерді қазып шығарған кейін ғана қайта жолға шығып отыруға тура келді. Сонымен бірге экспедицияның ғылыми бағдарламасы да жүзеге асыру мақсатында, әр жергіліктің радиация деңгейі өлшемдері жасалынып, қар мен мұз және басқа табиғи материалдардың үлгілері алынып отырды.

Маршрут бойында техника сынып, дөңгелектер жарылып, көліктер борпақ қарға батып, жолжөнеки қақаған аязда жөндеу шаралары мен қардан шығарып босату әлектері аз болмады. Жігіттер әр тұрақтан кейін қар қазумен болды. Айнала тірі жан жоқ, мидай жапан мұзды дала, жан түршігетін қарлы тұңғиық. Күрек пен кувалда, трос-арқан мен лебедка, қара күш пен жолдан таймас қайсарлық – осылардың арқасында жорық сәтпен аяқталды. Экспедиция бұл қажырлы жорықты көзделген кезеңнен озып өтті. 12 желтоқсан күні көкжиекте американдықтар салған «Амундсен-Скотт» халықаралық тұрақ-бекеті көрінді. Бұл тұрақ Оңтүстік Полюс нүктесінен 20 шақырым қашықтықта орналасқан екен.

Саяхатшылар бекетте біраз тынығып, 14 желтоқсан күні Оңтүстік Полюс нүктесіне бет алды. 14 желтоқсан Оңтүстік Полюстің ашылуының тура 100-жылдық мереке күні. Лагерде бар жандардың түгелі осы мерей тойды өткізуге Полюске ұмтылды. Мерей тойға қатысуға Норвегия Премьер Министрінің өзі де келіпті. Жердің ең қиыр оңтүстік нүктесінде, салтанатты жағдайда, Норвегия туымен бірге Қазақстан Республикасының көк байрағы желбіреді. Өстіп Оңтүстік Полюс 100 жылдығы еліміздің 20-жылдық Тәуелсіздік мерейіне ұласты.

Ауа райының бұзылу себебіне байланысты, Новолазаревская бекетіне қайту жолы келесі 15 желтоқсан күніне көзделді. Тез арада техниканы қажетті жөндеуден өткізіп,экспедиция оралу сапарына шықты. Қайту жолы тіпті қысқа болып шықты. Жол тегжейлерін жақсы ұғып алға, саяхатшылар бері келген 8 күндік жолды 5 күн ішінде іздерін басып, Новолазаревская бекетіне жетті. Ауа райының бұзылуынан Үлкен Жерге қайтаратын ұшақ рейсі кешігіп, біраз күндер бекет басында отыруға тура келді. 26 желтоқсан күні экспедиция мүшелері Кейптаун мен Абу Даби арқылы Астанаға келіп қонды.

Мемлекеттік туларымен бірге Оңтүстік Полюс басында экспедицияның жүзеге асуына барынша қолдау көрсеткен «SAT & Company» отандық холдингінің туы да көтерілді. Экспедицияның ойдағыдай іске атқарылуында, сәтілікке баулып жолға алынған «SAT & Company» рәмізінің де арқасы тиген болар. SAT-ң сәт әкелетіні бұрыннан да белгілі, сондықтан ҚазГео қайраткерлеріне алдағы жобаларда «Іске Сәт!» тілейміз.

Барлық жаңалықтар